Зерендіде жағалауды қорғау құрылысы аяқталуға жақын

Зерендіде жағалауды қорғау құрылысы аяқталуға жақын

Зеренді ауылында су тасқынының алдын алу мақсатында қорғаныс білігі мен дренажды-жауын суы жүйесінің құрылысы аяқталуға жақын. Жоба Зерендi ауылдық округi әкiмi аппараты мен Ақмола су қоймалары мекемесінің бірлескен күшімен жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қорғаныс білігінің ұзындығы 1300 метрді құрайды, оның 1200 метрі салынды. Жоба аясында екі автоматтандырылған сорғы станциясы және жаңбыр мен жер асты суларын бұрып әкетуге арналған заманауи нөсерлік жүйе орнатылуда.

«Барлық жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ауылдың әрбір бөлігі су басу қаупінен қорғалған болуы үшін жүйелі түрде бақылау жүргіземіз. Гидрологиялық жағдайды үнемі қадағалап, жүйенің жұмысын тұрақты тексеріп отырамыз», – деді Зеренді ауылдық округі әкімдігінің өкілі.

Сонымен қатар Ж. Мусин көшесі абаттандырылып, жаңа жол төсемі төселді, аулалар мен учаскелер тегістелді. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.

Жобаны іске асыру Зеренді тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасап, көл жағалауы аймағын су тасқынынан сенімді түрде қорғайды.