Астрахан ауданының өркендеу жолындағы жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Соның бір айқын дәлелі Первомай ауылдық округіне қарасты Лозовое ауылында су құбырының тартылуы.
Аталған жобаны іске асыру жауапкершілігі шектеулі серіктестік «АДС-2001» компаниясына жүктелген. Бұл компанияның инфрақұрылым саласында тәжірибесі мол, сондықтан жұмыс сапасына сенім жоғары. Жобаның сметалық құны 715,5 миллион теңге.
Ең басты ерекшелігі құрылыс жұмыстары қайтарылған активтер есебінен жүргізілуде. Бұл Қазақстан Үкіметінің халықтың әл-ауқатын арттыру мен өңірлерді дамыту бағытындағы саясатының айқын көрінісі. Бұрын заңсыз шетел асқан қаражаттың елге қайтарылып, халық игілігіне жұмсалуы мемлекеттің әділ әрі ұтымды шешімі.
Лозовое ауылының тұрғындары үшін су құбырының тартылуы үлкен қуаныш. Өйткені бұл елді мекенде таза ауыз су мәселесі бұрыннан өзекті болатын. Көптеген тұрмыстық қиындықтар судың тапшылығынан туындаған еді.
Ауыл ақсақалдарының айтуынша, су жүйесінің жүргізілуі елді мекеннің дамуына үлкен серпін береді. Таза су халықтың денсаулығын жақсартып қана қоймай, ауыл шаруашылығын дамытуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік туғызады.
Лозовое ауылының тұрғындары қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылып жатқан бұл жобадан үлкен үміт күтеді. Олар су құбыры ауыл өмірін жақсартып, келешек ұрпақ үшін қолайлы жағдай жасайды деп сенеді. Бұл бастама ауылдың дамуына, тұрғындардың әл-ауқатына және өңірдің гүлденуіне қосылған зор үлес.