«Алтыналмас» Степногорскіде мектеп пен спорт кешенінің құрылысына 22 млрд теңге инвестициялайды

«Алтыналмас» Степногорскіде мектеп пен спорт кешенінің құрылысына 22 млрд теңге инвестициялайды

«Алтыналмас» компаниясы мен Степногорск қаласының әкімдігі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жалпы құны 22 млрд теңгені құрайтын әріптестік туралы келісімге қол қойды. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы зор екі нысан – жаңа спорт сарайы мен заманауи мектептің құрылысына бағытталады.

Жобаның бірінші кезеңінде құны 12 млрд теңгеге бағаланған жаңа спорт сарайының құрылысы көзделген. Қазіргі таңда нысанның жобалау жұмыстары жүргізілуде, ал пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған. Жаңа спорттық кешен өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға, спорттық іс-шараларды өткізу мен жаттығу процесін ұйымдастыруға арналған маңызды орталыққа айналмақ.

Екінші кезең аясында 1000 орындық жалпы білім беретін мектеп салу жоспарланған. Құны 10 млрд теңге болатын бұл нысан 2026–2027 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Заманауи білім беру мекемесі қаладағы мектептердің жүктемесін жеңілдетіп, балалар үшін жайлы білім алу жағдайын қамтамасыз етеді.

«Алтыналмас» компаниясының бұл бастамасы – ірі бизнестің әлеуметтік саланы дамыту мен жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыруға белсенді түрде үлес қоса алатынын көрсететін жарқын мысал. Мұндай жобалар қалалық инфрақұрылымды жақсартуға, білім мен спортты дамытуға, сондай-ақ қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді.

Айта кету керек, Степногорск қаласында спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді: биылғы жылдың басынан бері 350-ден астам спорттық іс-шара өтіп, оған 30 мыңға жуық адам қатысқан. Қала тұрғындарының дене шынықтыру мен спортпен қамтылу деңгейі 42,8 %-ға жетті. Сонымен қатар, 2025 жылы қалада «Тарлан» дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Қырыққұдық ауылында «Сұңқар» мәдени-спорттық кешені пайдалануға берілді.

Білім мен спорт саласына бағытталған осындай инвестициялар өңірдегі әлеуметтік ахуалға оң әсер етіп, жас ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.