Бүгін, Ақмола облысы Жастар-ресурстық орталығының қабырғасында, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Заң және тәртіп» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға «Елге қызмет – абыройлы міндет» жобасы аясында Ақмола облысы Қорғаныс және Төтенше жағдайлар департаменттерінің, Ішкі істер Министрлігінің МКҚБ, Көкшетау қаласы Полиция бөлімінің өкілдері, ювеналды полиция инспекторы, сондай-ақ «Жастар рухы», «Ақмола облысы студенттер Альянсы» жастар ұйымдарының белсенділері, «Есірткісіз болашақ» ҚБ мүшелелері, «Жасыл ел» бағдарламасының қатысушылары мен ұйымдастырушылар тарапы қатысты.
Кездесу барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланды. Спикерлер жастардың қоғамдағы белсенділігінің маңыздылығын атап өтіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Шараның кіріспе бөлімінде Көкшетау қаласы ПБ қару-жарақ қоймасының меңгерушісі, тылдағы қамтамасыз ету бөлімінің қару-жарақ шебері полиция аға сержанты Олжас Болатұлы Ислямов жедел әрекет ету жағдайларында қолданылатын арнайы қорғаныс құралдары мен экипировканы көрсетіп, олардың қызметтік мақсаттағы қолданылу тәртібі туралы түсіндіріп өтті. Бұл көрсетілім қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, полиция жұмысының нақты аспектілерімен жақын танысуға мүмкіндік берді.
«Қоғамдағы тәртіп – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Әсіресе, кәмелетке толмаған жастардың құқықтық сауатты болуы өте маңызды. Біз бүгін жастармен ашық сөйлестік, олардың ойларын тыңдадық. Осындай кездесулер құқық бұзушылықтың алдын алуға үлкен септігін тигізеді», – дейді Көкшетау қаласы ПБ учаскелік ювеналды полиция инспекторы полиция лейтенанты Ескендір Нысанбай.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар құқықтық тәрбие беру бағытындағы жұмыстарды бірлесіп жалғастыруға келісті. Жастар тарапынан да өз ұсыныстарын білдіріп, белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарған белсенді әрі нәтижелі қызмет үшін Ақмола облысының әкімі М. Ахметжанов атынан «Жастар рухы» ЖҚ өкілі Медет Шәріп алғыс хатпен марапатталды.