Көкшетау қаласы «Бәйтерек» саябағында, колледж және жоғарғы оқу орындарының түлектеріне арнап бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді.
Аталған жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыз азаматтар мен жастарды жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмысқа орналастыру болып табылады. Қоғамның негізгі қозғаушы күші – жастар болғандықтан, жастарға әрқашан көңіл бөлу маңызды.
Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру - жас мамандар үшін ғана емес, жұмыс берушілерге де маңызды. Себебі жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды таңдауына, ал жұмыс іздеп келген азаматтар мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік туғызады. Жастар ресурстық орталықтар қызметінің негізгі мақсаты жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызметтер көрсету болып табылғандықтан, жастарды жұмыспен қамту, орталықтар үшін басты назарда тұр.
Аталмыш жәрмеңкені облыстық ЖРО әр тоқсан сайын саябақтарда, белгілі бір мекеме орындарында өткізіп отырады.
Іс-шараға түрлі мекеме орындарынан жұмыс берушілер, Көкшетау қаласының жоғарғы оқу орнымен колледждерінің жоғарғы курс студенттері, бітіруші түлектер, жастар арасында жұмыс іздеушілер, БАҚ өкілдері және ұйымдастырушылар қатысты.
«Аталған бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне 20-ға жуық жұмыс берушілер қатысып, 100-ге жуық бос жұмыс орындары жарияланды. Аталмыш іс-шарада көптеген жұмыс іздеушілер қосымша жұмыс не болмаса жазғы демалыс уақытында уақытша мерзімдегі жұмыс ізденісінде жүргендері байқалғанын атап өткім келеді», - деп атап өтті өз сөзінде NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау және кеңес беру бөлімінің маманы Шыңғысхан Елеш.
«Бұл шара оқуын тәмамдап, жұмыс таба алмай жүрген жас мамандарға үлкен көмек. Әсіресе тәжірибесі жоқ жас мамандар үшін таптырмас мүмкіндік» - дейді Азаматтық қорғау жоғары көпсалалы колледжінің 4 курс студенті Кенжекұл Жанелия.
Жалпы, шараны ұйымдастырушылардың ойынша, бұл іс-шараның пайдасы мол. Мұнда жұмыс берушілер өз мекемелеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынады. Ал жұмыс іздеушілер мекемелердің өкілдерімен сөйлесіп, қызықтырған сауалдарын қояды. Өздеріне ұнап, көңілдерінен шығып жатса, жұмысқа орналасып кететін жандар да бар.