«Open consultation» ашық кеңес беру алаңы өткізілді.

«Open consultation» ашық кеңес беру алаңы өткізілді.

Көкшетау қаласы «РИО» СҮ-де, «Open consultation» ашық кеңес беру алаңы мен бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді.

Іс-шараның мақсаты – Көкшетау қаласының тұрғындары мен жастарына жұмысқа орналасу, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасу, сондай-ақ үй алу бойынша депозит ашу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады.

         Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру және кеңес беру - жас мамандар үшін ғана емес, жұмыс берушілерге де маңызды. Себебі жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды таңдауына, ал жұмыс іздеп келген азаматтар мамандықтары бойынша жұмысқа тұруына мүмкіндік туғызады. Жастар ресурстық орталықтар қызметінің негізгі мақсаты жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызметтер көрсету болып табылғандықтан, жастарды жұмыспен қамту, орталықтар үшін басты назарда тұр.

         Аталмыш шараға Көкшетау қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы, «Даму фонды» АҚ, «Инновациялық технологиялар паркі» автономдық кластерлік фонды филиалы, Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті, Қазақстан Республикасы Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы, Ақмола облысы полиция департаменті және «ENKI» ЖШС қатысты.

«Елімізде жұмыссыздықпен күрес қызу жүргізілгенімен, бұл мәселе әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Қазіргі уақытта жұмыссыздық дерті тек қазақ қоғамын ғана емес, әлем елдерін алаңдатып отыр. Ал, Қазақстанда жұмыссыздықтың салқыны ең әуелі жастарды шарпуда. Соңғы жылдары елімізде екі қолға бір күрек таппай жүрген жас мамандар қатары көбейіп кетті. Бұл – бүгінгі қоғамда айқын көрініс тауып отыр. Айта кету керек бүгінгі іс-шарамызда шамамен 100-ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылуда» - дейді өз сөзінде облыстық жастар-ресурстық орталығының жастарды жұмыспен қамту маманы Шыңғысхан Елеш.

Облыстық ЖРО әр тоқсан сайын осы тәріздес бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін өткізіп отырады. Аталған шаралар алдағы уақытта жалғасын тауып, жұмыссыздықпен күрес жүргізілетін болады.