Ақмола облысының Зеренді ауданында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа өнер орталығы ашылды. Бұл орталық өскелең ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттырып, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Мұнда оқушылар тек қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, қолдан бұйымдар жасаумен ғана шектелмейді, сонымен қатар вокал, хореография, театр және бейнелеу өнері бағыттары бойынша да өз қабілеттерін шыңдай алады. Балалар бірнеше үйірмеге қатар қатыса алады. Мәселен, Адеми-Ай Аманбай есімді оқушы домбыра, сурет салу, би, қолөнер және театр үйірмелеріне қатысып жүр. Бұл – олардың жан-жақты дамуына зор ықпал етеді.
Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының директоры Бақытбек Сейдахметовтың айтуынша, жаңа оқу жылы басталғанда қосымша 10 маман қажет болады. Қазіргі таңда орталықта 700-ге жуық бала білім алып жатыр, алдағы уақытта бұл санды 1200–1300-ге дейін жеткізу жоспарланған.
Өнер орталығымен қатар аудандағы балалар музыка мектебі де жаңа ғимаратқа көшті. Мектеп директоры Гүлшат Молдабаеваның айтуынша, бұл – соңғы 23 жылда мектепке арнайы берілген алғашқы ғимарат. Бұған дейін мектеп әртүрлі мекемелердің бос кабинеттерін уақытша паналап келген. Жаңа ғимарат кең, жарық әрі дыбыс оқшаулау жүйесімен жабдықталған, бұл балалардың жайлы жағдайда білім алуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ауданда шығармашыл жандарға арналған креативті хабтың құрылысы басталды. Бұл – дарынды жастар мен өнерпаздар үшін ортақ алаңға айналмақ. Аталған нысанды биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары Ақмола облысында мәдениет саласын дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Соңғы үш жыл ішінде өңірде 100-ден астам ауылдық клуб жөнделіп, жаңа мәдени нысандар салынды. Осылайша, ауыл тұрғындарының мәдени және шығармашылық қызметтерге қолжетімділігі артып келеді.
Зеренді ауданында ашылған өнер орталығы мен музыка мектебі – балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамыту жолындағы маңызды қадам. Бұл бастамалар жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын оятып, олардың тұлғалық және рухани дамуына серпін береді.