
2026 жылғы 30 мамырда Көкшетау қаласындағы «AQMOLA DIGITAL» ғимаратында «URBAN FORUM AQMOLA: Реновация және заманауи урбанизация» атты республикалық семинар-кеңес өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Ақмола облысы әкімдігінің және «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырылды.
Форум аумақтарды кешенді жаңғырту, тұрғын үй қорын модернизациялау, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексіне сәйкес құрылыс саласына заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылайтын маңызды алаңға айналды.
Форум жұмысына орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың басшылары, ұлттық компаниялардың өкілдері, қала құрылысы, энергия үнемдеу саласындағы сарапшылар және халықаралық серіктестер қатысты.
Қатысушыларға Ақмола облысының әкімі Ахметжанов Марат Мұратұлы мен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қажкенов Қуандық Жұмабекұлы құттықтау сөз арнады.
Форум аясында панельдік пікірталастар, таныстырылымдар ұйымдастырылып, реновация саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар Көкшетаудағы жаңартылған қоғамдық кеңістіктер мен тұрғын үйлерді қамтитын реновация нысандарын аралады.
«Urban Forum Aqmola өңірлерді кешенді дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асырудағы маңызды қадам болды. Біз Ақмола облысының тәжірибесімен бөлісіп, жайлы әрі заманауи қалалық орта қалыптастыру үшін үздік тәжірибелерді зерделедік», - деп атап өтті Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасында.