Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында Ерейментау ауданының бірқатар кәсіпорындарын аралады. Іссапар барысында ол Ерейментау ауданы мал шаруашылығы саласында өз орнын иеленуі тиіс екенін атап өтті. Өңірде мал шаруашылығы кластерін құру жобасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр.
Торғай ауылдық округінде «Ерейментау-Астық» ЖШС қой шаруашылығы фермасын және 10 мың басқа арналған бордақылау алаңын құру бойынша инвестициялық жобаны бастаған. «Ерейментау-Астық» компаниялар тобы бас директорының орынбасары Қоныспек Нұрғазиннің айтуынша, жоба аясында бордақылау алаңына арналған базаны салу және қайта жаңғырту, серуендеу алаңдары мен қоршалған қоралар, астық қоймалары, жем дайындау цехы салынады. Сондай-ақ тракторлар, жем таратқыштар мен жем өндіруге арналған жабдықтар сатып алынатын болады.
Биылғы жылдан бастап кәсіпорын Катар еліне өнім экспортын бастады.
Облыс әкімі бұл жобаның тірек жобаға айналып, тек жақын маңдағы елді мекендердің ғана емес, бүкіл ауданның дамуына серпін беруі тиіс екенін атап өтті.