Ақмола облысының диқандары көктемгі егіс жұмыстарына белсенді түрде дайындалуда. Қоймаларда – егістікке арналған бидай тұқымы мен өсімдіктерді қорғау құралдары мен жаңа техника сатып алынды, сондай-ақ өткен жылғы қарыздық міндеттемелер орындалды.
Басты мақсат – мол өнім алып, түрлі тәуекелдерге жан-жақты дайын болу. Бұл Көкшетауда өткен агрокеңесте көтерілген негізгі мәселе болды. Аталған іс-шараға өңірдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 600-ден астам өкілі, ғылыми-зерттеу институттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті зор екенін, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және аграрлық секторды дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады. Ол аграршыларға өнімділік пен тиімділікті арттыру үшін барлық қолжетімді тетіктерді пайдалануға шақырды.