
ҚР Жер кодексінің 24-бабына сәйкес шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар жеке меншік немесе жер пайдалану құқығында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін иелене алмайды.
Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам, шетелдік заңды тұлға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасы заңды тұлғасы Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысушыларының (акционерлерінің, мүшелерінің) құрамына кірген кезде жеке меншік құқығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне уақытша жер пайдалану құқығы Жер кодексінің 66-бабының нормаларына сәйкес иеліктен шығарылуға жатады.
Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысушысы (акционері, мүшесі) болып табылатын адамның Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде жеке меншік құқығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне уақытша жер пайдалану құқығы Жер кодексінің 66-бабының нормаларына сәйкес иеліктен шығарылуға жатады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке және жер пайдалану құқығымен беруге жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының азаматтары шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеге тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне жеке меншік немесе жер пайдалану құқығы Жер кодексінің 66-бабының нормаларына сәйкес иеліктен шығарылуға тиіс.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, жер заңнамасынан шетелдік жер пайдаланушыларға және шетелдік қатысу үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға, сондай-ақ қандастарға ауыл шаруашылығы жерлеріне құқықтар беру мәселелерін регламенттейтін құқық нормалары алынып тасталады.