Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары мәселелері жөніндегі жұмыс кеңесі

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары мәселелері жөніндегі жұмыс кеңесі

2024 жылғы 29 сәуірде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, ветеринария басқармаларының, Облыстың жер ресурстарын басқару департаментінің, сондай-ақ «Азық-түлік корпорациясы ҰК» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдарының басшылары қатарынан жұмыс тобы Аршалы, Ерейментау, Шортанды аудандарында кеңестер өткізді.

Аталған кеңестердің жұмысына аудандардың жергілікті атқарушы органдары, ауылдық округтердің әкімдері және осы өңірлердің жер пайдаланушылары қатысты.

Кеңестерді өткізу барысында көктемгі егіс жұмыстарын дайындау, пайдаланылмаған жерлерді қайтару, ветеринариялық қызметтердің жұмысы, өңірлердің елді мекендерінде жеке ауланың мал жаюын ұйымдастыру мәселелері талқыланды, сондай-ақ «Азық-түлік корпорациясы ҰК» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы кредиттер алу шарттары түсіндірілді.

Бұдан басқа, жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалану, жайылымдық инфрақұрылым объектілерін дамыту және реконструкциялау, жайылымдардың тозуы мен шөлейттенуіне қарсы күрес, сондай-ақ оларды суландыру бөлігінде ҚР қолданыстағы жер заңнамасына және «Жайылымдар туралы» ҚР Заңына енгізілетін негізгі жаңалықтар түсіндірілді.

Өткізілген іс-шараның қорытындысы бойынша облыстық құрылымдар басшылығы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің айтылған сұрақтарына кредит беру бағдарламасы, егіс іс-шаралары және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану бойынша тиісті жауаптар берді.