ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің Ақмола облысына жұмыс сапары

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің Ақмола облысына жұмыс сапары

А.ж. 23 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Ақмола облысы Бұланды ауданының Макинск қаласына жұмыс сапары аясында «Макинск құс фабрикасы» ЖШС 2-кезегінің ашылуына қатысты.

Құс фабрикасы кеңейтуден кейін Орталық Азиядағы тауық етін өндіру көлемі бойынша ірі кәсіпорынға айналды. Сағатына 9 мың бройлерді қайта өңдеу қуаттылығы құс етін өндіруді жылына 25 мың тоннадан 60 мың тоннаға дейін арттыруға, Қазақстанның ішкі нарығының қажеттілігін 22%-ға дейін қамтамасыз етуге және өнім импорты үлесін 42%-дан 33%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. 2-кезекті іске қосқаннан кейін кәсіпорындағы тұрақты жұмыс орындарының саны 800-ден 1370 адамға дейін артты.

Макинск құс фабрикасы — құс етін өндіру және қайта өңдеу саласындағы ҚР ірі инвестициялық жобасы. Кәсіпорынның 1 және 2-кезектегі инвестицияларының жалпы көлемі 48,5 млрд теңгеден асты.

Макинск құс фабрикасы «Aitas» холдингінің құрамына кіреді. Холдинг стратегиясына сәйкес, 2030 жылға дейін 350 млрд теңгеге жуық инвестициямен жылына 350 мың тоннаға дейін ет өнімдерін өндіру көлемін арттыру көзделіп отыр. 3-кезектің құрылысы бойынша жоспарларды іске асыру 2023 жылы кәсіпорынның қуатын жылына 100 мың тонна құс етіне дейін арттырады, бұл өсімдік шаруашылығын дамытуды және іргелес салаларда жұмыс орындарын құруды ынталандырады. Кеңейту жобасы аясында 40 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады.

«2024 жылға қарай біз ішкі нарықты отандық өндірістің негізгі азық-түлігімен, оның ішінде құс етімен толық қамтамасыз етуіміз керек. Макинск құс фабрикасының өндірістік қуатын одан әрі кеңейту Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады», — деді А. Мамин.

 

Премьер-Министр «Макинск құс фабрикасы» ЖШС құрама жем өндіретін зауыттың жұмысын бастап берді. Жобаның құны – 4,7 млрд теңге, жобалық қуаты – жылына 150 мың тонна.

Үкімет басшысының сапары кезінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.