
Ақмола облысында республикалық Дала күні өтті
Бүгін, 3 шілде күні Ақмола облысында «Дәнді, майлы және мал азықтық дақылдарды зиянды организмдерден қорғаудың интеграцияланған жүйесі» тақырыбында республикалық Дала күні өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ғылыми ұйымдардың, облыстар әкімдіктерінің, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, салалық қауымдастықтардың, отандық және шетелдік компаниялардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың 200-ден астам өкілі қатысты.
Дала күні барысында өсімдіктерді қорғау саласындағы заманауи отандық және шетелдік ғылыми әзірлемелер, цифрлық технологиялар, ауыл шаруашылығы дақылдарын биологиялық қорғау құралдары, егістіктерді мониторингтеуге арналған ұшқышсыз ұшу аппараттары және дәлме-дәл егіншілік бағытындағы инновациялық шешімдер таныстырылды.
Іс-шарада карантиндік нысандармен, оның ішінде жатаған кекіреге қарсы күрес мәселелеріне, сондай-ақ фитосанитариялық мониторинг жүйесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізуге ерекше назар аударылды.
Республикалық Дала күні ғылым, мемлекеттік органдар мен аграршылар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналып, агроөнеркәсіптік кешенге инновациялық технологияларды енгізуге және еліміздің фитосанитариялық қауіпсіздігін нығайтуға өз үлесін қосты.