
Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы өңір әкімі Марат Ахметжановпен бірге жұмыс сапары барысында Атбасар және Астрахан аудандарында агрожобалардың іске асырылу барысын тексеріп, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне және Мемлекет басшысының АӨК дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға ерекше назар аударды.
Атбасар ауданында «Бастау» ЖШС-нің сүт-тауар фермасының құрылысы аяқталуға жақын. Жоба Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін ауқымдау бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдаумен, сондай-ақ жеке және қарыз қаражаттары есебінен жүзеге асырылуда.
Қазірдің өзінде ауыл тұрғындары үшін 70 жұмыс орны құрылған жаңа кәсіпорын 900 басқа есептелген, ал болашақта оны 1200 басқа дейін кеңейту жоспарлануда.
«Біз жоғары өнімді гольштино-фриз тұқымына басымдық бердік: маусым айында Даниядан 559 бас ірі қараның алғашқы партиясы келеді. Нысанда бес корпустың үшеуі дайын, жабдықтардың басым бөлігі жеткізілді. Қыркүйек айына дейін құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, қарашада сауу жұмыстары басталады», – деді кәсіпорын директоры Данияр Мукушев.
Өңір басшысы мердігерлердің жұмысын қатаң бақылауды тапсырды және шілде айына дейін сиыр қоралары мал қабылдауға толық дайын болуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар әлеуметтік мәселе де қатар шешілуде – ауыл орталығында ферма қызметкерлеріне арналған орталық жылыту жүйесі бар көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр.
Техникалық жаңғырту тақырыбы Астрахан ауданындағы «АЗАМ-КЗ» зауытында жалғасын тапты. Мұнда заманауи элеваторлық жабдықтар өндіріледі. Кәсіпорын ай сайын жалпы қуаты 50 мың тонна болатын өнім шығаруға есептелген, «кілтпен тапсыру» қағидаты бойынша жұмыс істейді және республика бойынша 110-нан астам нысанды іске асырған.
«Өңір қатарынан екінші жыл астық жинаудан көш бастап келеді. Сондықтан кептіру және элеваторлық жабдықтарды өзімізде өндіру аса маңызды. Мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі, өйткені жергілікті өндірушілерді қолдау және агроөнеркәсіптік кешен инфрақұрылымын дамыту – басым бағыттардың бірі», – деп түйіндеді Марат Ахметжанов.