Ақмола облысында 1 триллион теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді

Ақмола облысында 1 триллион теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді

Жыл басынан бері Ақмола облысында 1 триллион теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді, ал жыл соңына қарай жалпы өнім көлемі алғаш рет 1,2 триллион теңгеге жетпек. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов хабарлады.

Биылғы орақ науқаны өңір үшін тарихи жыл болды — 7,6 миллион тоннадан астам астық жиналды, гектар берекелігі 16,3 центнерді құрады. Астықтың 70 пайыздан астамы үшінші сынып талаптарына сәйкес келеді, бұл өңірдің сыртқы нарықтағы позициясын күшейтеді.

Минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі, элиталық тұқым үлесі және химиялық өңдеу ауқымы айтарлықтай артты. Бұл тәуекелдерді азайтып, өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Майлы дақылдар алқабы алғаш рет 500 мың гектарға жеткізілді — бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Экспорт та кеңейіп келеді: 3,5 миллион тоннадан астам астық Еуропаға, Закавказье елдеріне, Азия мен Солтүстік Африкаға жөнелтілді. Марокко мен Вьетнам сияқты жаңа бағыттар өңірдің сыртқы сауда әлеуетін күшейтіп отыр.
Әкімнің айтуынша, өңірде қайта өңдеу саласына ерекше басымдық берілуде.

«Облыста ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл кәсіпорындар мыңдаған жұмыс орнын ашып, миллиондаған тонна астықты өңдеуге, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді», — деді Марат Ахметжанов.


Мал шаруашылығы да жоғары нәтижелер көрсетуде: облыс құс еті мен жұмыртқа өндірісі бойынша көшбасшылардың қатарында. 2027 жылға дейін өңірде жаңа фермалар, бордақылау алаңдары және асылтұқымды репродукторлар құрылысы есебінен сүт, ет және жұмыртқа өндірісі айтарлықтай артады деп жоспарланған. Аймақ цифрландыруға да ерекше назар аударып отыр.

«Қазіргі таңда 28 шаруашылық толық цифрланды, 120-дан астам кәсіпорын жасанды интеллект пен автоматтандыру элементтерін енгізіп жатыр», — деп нақтылады өңір басшысы.