Атбасар ауданы тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Марат Ахметжанов егін жинау науқанының барысын, көктемгі су тасқынына дайындық пен әлеуметтік саладағы өзгерістерді талқылады.
“Биылғы өнім соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болмақ. Қазірдің өзінде алты миллион тоннадан астам астық жиналды, мұнда Атбасар ауданы диқандарының еңбегі зор. Жалпы 653 мың тонна астық бастыру жоспарланған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 100 мың тоннаға артық. Мұндай жоғары нәтижеге өңір 2011 жылдан бері қол жеткізбеген”, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Рекордтық өнімге мемлекет тарапынан көрсетілген дер кезінде қолдау да зор ықпал етті. Ауданның аграршыларына көрсетілген көмек көлемі екі есеге жуық өсіп, 12,1 млрд теңгені құрады. Оның жартысы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несиелеуге бағытталған.
Өңір басшысы биыл су тасқынының ауданда анағұрлым жеңіл өткенін, бұл алдын ала жүргізілген қарсы су тасқыны шараларының нәтижесі екенін атап өтті. Атап айтқанда, Жабай өзенінің арнасын тереңдету және кеңейту жұмыстары жүргізілді. Залал шеккен барлық отбасыларға демеушілер есебінен тұрғын үйлерін жөндеуге өтемақы төленді. Су басу қаупі бар аймақта тұрған 70 отбасы толықтай қоныс аударды.
Атбасар қаласының тұрғындары СУСН санатындағы отбасылар қоныстанған 100 пәтерлі тұрғын үйдің сапасы туралы мәселе көтерді. Өткен жылдың қарашасында мердігер кейбір ақауларды жойған, қалғанын жазғы уақытта жөндеймін деп уәде берген, алайда бүгінге дейін өз міндеттемелерін орындамаған. Марат Ахметжанов аудан әкіміне бұл мәселені 10 күн ішінде жан-жақты қарап, шешуді тапсырды.
Сондай-ақ, атбасарлықтарды Магдалиновка ауылындағы Есіл өзені үстінен өтетін көпірдің жағдайы, жолдарды жөндеу және Сочинское ауылындағы жаңа ФАП-ты кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері алаңдатады. Әрбір көтерілген мәселе бойынша облыс әкімі тиісті салалық ведомстволар басшыларына нақты тапсырмалар берді.