Целиноград ауданында «Jańa Dala / GreenDay – 2025» арнайы ауыл шаруашылығы көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы ірі шараға 20-дан астам мемлекеттен келген 200-ге жуық компания қатысты.
2013 жылдан бері «Jańa Dala / Green Day» елімізде жыл сайын өткізіліп келеді және бүгінде ол алдыңғы қатарлы агротехнологияларды, заманауи техниканы және селекциялық жетістіктерді көрсететін ең ірі алаң ретінде танылған. Көрме отандық ауылшаруашылығы өндірушілерін, агробизнес өкілдерін және халықаралық серіктестерді бір арнаға тоғыстырады.
Биылғы іс-шара дәстүрлі түрде Ақмола облысының аумағында аграрлық форум форматында ұйымдастырылды. Қонақтардың қатарында еліміздің түкпір-түкпірінен келген фермерлер мен диқандар, сондай-ақ Австрия, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Нидерланд, АҚШ, Франция және Жапония елдерінен келген халықаралық компания өкілдері де бар.
Салтанатты ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты.
Өңір басшысы осындай ауқымды іс-шараны өткізу облыстың аграрлық әлеуетінің жоғары екенін айғақтайтынын атап өтті.