Көкшетау қаласында дәстүрлі «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау-көрмесі өтті. Биылғы жылы өңірлік кезеңге Ақмола облысынан жүзге жуық тауар өндіруші қатысты. Байқау-көрме Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында өткізілді. Шара барысында азық түлік және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс индустриясы және өзге де салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындардың өнімдері ұсынылды. Келушілер азық-түлік өнімдері мен басқа да тауарларды нарықтық бағадан төмен бағамен сатып ала алды. Сонымен қатар, өңірдің танымал компаниялары мен кәсіпорындары ұйымдастырған тегін лотерея ойнатылды. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Өңірлік кеңестің төрағасы Қуаныш Рақышев, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, кәсіпкерлік субъектілері және басқа да меймандар қатысты. Бүгінде Ақмола облысында кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Әсіресе іскерлік ахуалды жақсартуға, инвестиция тартуға, индустриялық аймақтар құру мен инфрақұрылымды жаңғыртуға баса мән беріліп отыр. Облыс әкімі Марат Ахметжанов өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі артып келе жатқанын, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
Байқау қорытындысы бойынша үш номинацияда жеңімпаздар анықталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаздар: «Степногорск машина жасау зауыты» ЖШС, «Азияфильтр» ЖШС (Бурабай ауданы), «Kokshe Building Service» ЖШС (Көкшетау қаласы). «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша үздіктер: «Оникс» ЖШС (Көкшетау қаласы), «Green Products» ЖШС (Қорғалжын ауданы), «Алихан» ЖК (Қосшы қаласы). «Азық-түлік тауарларының үздігі» ретінде: «Бижан» ет өңдеу кешені» ЖШС (Көкшетау қаласы), «Соколов Р.О.» ЖК (Бурабай ауданы), «MILK PROJECT» ЖШС (Зеренді ауданы) танылды.
Айта кету керек, барлық жеңімпаз компаниялар республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінде Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.