Ерейментау ауданында ауқымды инвестициялық жоба – «BIG FARM» ЖШС-нің мал шаруашылығы кешенінің құрылысы қолға алынуда. Жалпы көлемі 32 мың гектардан астам аумақты қамтитын бұл агроөнеркәсіптік жоба сүт-тауар фермасын, бордақылау алаңын, ет және сүт өңдеу зауытын, сондай-ақ заманауи суару жүйесін іске қосуды көздейді. Бірінші кезеңде 2 000 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасы салынып, кейіннен оның қуаттылығы 5 000 басқа дейін ұлғайтылмақ. Бұған қоса, 10 000 басқа арналған бордақылау кешені мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цехтар іске қосылады. Жоба аясында 250 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Жобаны шетелдік инвесторлар қолдап отыр. Өңірге шетелдік серіктестер делегациясының сапары аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат ауыл шаруашылығын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған инвестициялық жобаны бірлесіп іске асыруды көздейді.