Ақмола облысы мен Эстония ынтымақтастығы: диқандар Еуропаға астық жөнелтуді ұлғайтпақ

Ақмола облысы мен Эстония ынтымақтастығы: диқандар Еуропаға астық жөнелтуді ұлғайтпақ

Ақмола облысының аграршыларымен әріптестік орнатуға Эстония делегациясы ерекше қызығушылық танытты. Облыс әкімі Марат Ахметжанов және өңір кәсіпкерлерімен өткен кездесуде эстон порттары мен логистикалық компаниялары арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттау мәселесі жан-жақты талқыланды. Эстония тарапынан келген делегация құрамында ірі логистикалық компаниялардың өкілдері, порт басшылары мен теміржол саласының жетекшілері болды.

Кездесу барысында облыс әкімі Ақмола өңірінің Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтіп, агроөнеркәсіптік кешеннің даму әлеуетіне кеңінен тоқталды.
Айта кету керек, 2024 жылы Ақмола облысы мен Эстония арасындағы сыртқы сауда айналымы 112,7 мың АҚШ долларын құрап, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,5 пайызға артқан.

Эстониядағы көлемі бойынша екінші теңіз порты — Силламяэ портының президенті Тийт Вяхи Ақмола облысымен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендігін жеткізді.

Айта кетсек, жыл басынан бері «Вильмир» ЖШС Эстония арқылы 23 мың тонна, ал «Содружество Трейд Восток» ЖШС 27 мың тонна бидай жөнелткен.