Көктем – ауыл шаруашылығы саласы үшін ең қызу кезең. Целиноград ауданында көктемгі дала жұмыстары – егіс науқаны өз мәресіне жетуде. Аталған маусымның сәтті аяқталуымен «Родина» ЖШС және «Ақтық» АҚ еңбек ұжымдары құттықтаулар қабылдап жатыр.
«Родина» ЖШС берген мәліметке сәйкес, биылғы жылы жалпы егістік алқабы 30 256 гектарды құрады. Оның ішінде 22 665 гектарға дәнді дақылдар, 2 000 гектарға майлы дақылдар, 1 930 гектарға сүрлемге арналған жүгері, 3 900 гектарға біржылдық шөптер егілді.
«Ақтық» АҚ да көктемгі дала жұмыстарын табысты аяқтап, дәнді және бұршақты дақылдарды 22 000 гектар алқапқа септі. Біржылдық шөптер 2 500 гектар жерге орналастырылды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, 2025 жылы Целиноград ауданындағы жалпы жаздық егіс көлемі шамамен 260 000 гектарды құрауы тиіс. Бүгінгі таңда дәнді және бұршақты дақылдар 140 000 гектарға жуық жерге егілген. Жем-шөп дақылдары, картоп және көкөніс дақылдарының егісі 80%-ға орындалды.