Республикалық автомобиль жолдарын қалпына келтіру учаскелеріндегі жол белгілерін елеп-ескеріңдер!

Республикалық автомобиль жолдарын қалпына келтіру учаскелеріндегі жол белгілерін елеп-ескеріңдер!

Өкіншке орай, тас жолдардағы жол жамылғысының сапасы жақсарған сайын жол-көлік оқиғаларының саны да артып келеді. Реконструкцияланып жатқан учаскелердегі жол белгілеріне қарамастан, жүргізушілер жол жүру ережелерін бұзуда.
 
Көп кезекте, жүргізушілер айналма жолдардан жаңа жол жамылғысы бар учаскелерге шыққанда, жылдамдықты шамадан тыс асырып жатады. Ал бұл жол апатының орын алуына әкеліп соғады. Мәселен, биыл 1 қаңтардан бастап Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы жаңартылып жатқан және жылдамдықты шектеу белгілері орнатылған тас жолдарда 14 жол апаты орын алған.
Жол көлік оқиғалары «Алматы-Өскемен», «Ақтөбе-Атырау-Астрахань», «Екатеринбург-Алматы», «Алматы-Ташкент-Термез», «Омбы-Майқапшағай», «Қызылорда-Павлодар», «Қарабұтақ-Комсомольское-Денисовка-Қостанай» автожолдарының реконструкцияланған учаскелерінде орын алған. Салдарынан 12 адам мерт болып, 20 адам жарақат алды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті көлік иелерін қарапайым жол жүру ережелерін сақтап, жол белгілеріндегі ақпаратты елеп-ескеруге шақырады.

Айта кету керек, 2021 жылдың 15 ақпанындағы жағдай бойынша республикалық автомобиль жолдарында 199 ЖКО орын алған. Салдарынан 75 адам қаза тауып, 334 адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алды.

@miirkz