Қазақстан Республикасында жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Теміржол көлігі қызметкерлері күні қарсаңында, 29 шілде күні Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында теміржол саласының қызметкерлері, ардагерлері және құрметті қонақтарының қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Мұратұлы Рамазанов және «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-ның «Ақмола магистральдық желі бөлімшесі» филиалының директоры Дәурен Нәбиголдаұлы Қабас қатысты.
Ақмола облысының әкімі атынан Елдос Мұратұлы Рамазанов теміржол саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Сондай-ақ, саналы ғұмырын саланың өркендеуіне арнаған, кәсібилігі мен адал еңбегі арқылы облыстың заманауи көлік жүйесінің берік негізін қалаған ардагерлерге ерекше алғыс білдірілді.
Іс-шара барысында Ақмола облысындағы теміржолшылар әулеттеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, Сүлейменовтер, Нұртазиндер, Бикеновтер, Нұрышевтер, Жуанышпаевтар, Саликовтер, Шариповтер, Токаревтер, Зараповтар, Журавлевтер, Жүсіповтер және өзге де еңбек әулеттері кәсіби дәстүр сабақтастығын сақтап, бірнеше ұрпақ бойы теміржол саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан өнегелі отбасылар ретінде аталып өтті.
Биыл Көкшетау жол дистанциясының құрылғанына 100 жыл толуы салтанатты жиынның маңызын арттыра түсті. Бір ғасырлық тарихында кәсіпорын өңірдің теміржол инфрақұрылымын дамытуға қомақты үлес қосып, бүгінгі күні де теміржол желілерінің сенімді әрі қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етіп келеді.
Салтанатты рәсім аясында саланың үздік қызметкерлері ведомстволық наградалармен, Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен және өзге де марапаттармен наградталды.
Мерекелік іс-шара шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Теміржол көлігі қызметкерлері күні – теміржолдардың үздіксіз жұмысын, жүк және жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының көлік жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп жүрген сала мамандарына көрсетілетін зор құрметтің белгісі.