Ақмола облысында жергілікті атқарушы органдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелерін қоғамдық талқылау

Ақмола облысында жергілікті атқарушы органдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелерін қоғамдық талқылау

Көкшетауда Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысовтың төрағалығымен «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» атты №4 үлгілік базалық бағытын іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауларының қорытындылары жария талқыланды.

Кеңеске Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аумақтық департаментінің басшылығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссар, облыстық басқармалардың басшылары, базалық бағытты іске асыру топтарының мүшелері, облыстық Қоғамдық кеңес пен жобалық кеңсенің өкілдері қатысты.

Кеңесте сөз сөйлеу барысында өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосы басшысының бірінші орынбасары Айдос Жақиялин Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың алдағы 5 жылға арналған тұжырымдамасына сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің жариялылығы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлық алғышарттарын өз бетінше жою белсенділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Ал сапа мен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ішкі талдау және ұсынымдарды іске асыру мониторингі процесіне қоғамдық кеңестер тартылатын болады.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелері туралы облыстық басқармалардың басшылары мен өкілдері, оның ішінде кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары баяндады.

Сондай-ақ, жекелеген басқармаларға ішкі талдаулардың нәтижелері туралы қорытынды анықтамаларға енгізу үшін қосымша ұсынымдар берілді.

Кездесу қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға тәуекелдерге ішкі талдауларды тиімді және уақтылы жүргізу және кеңестерде одан әрі жария талқылау тапсырылды.