Ақмола облысында жаңа киелі туристік бағыттар іске қосылмақ

Ақмола облысында жаңа киелі туристік бағыттар іске қосылмақ

Ақмола облысының Туризм басқармасы өңірдегі киелі орындарды кеңінен насихаттауға, тарихи жадты сақтауға және ішкі туризмді дамытуға бағытталған жаңа тарихи-мәдени жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Жоба аясында елордалық өңір аумағындағы тарихи әрі рухани маңызы зор нысандарды қамтитын үш туристік маршрут әзірленді. Бастаманың басты мақсаты — өңір тұрғындары мен қонақтарын қазақ халқының бай мәдени мұрасымен, тарихымен, салт-дәстүрімен және рухани құндылықтарымен тереңірек таныстыру.

Аталған жоба шеңберінде елордадағы 20 туроператорларға арналған арнайы ақпараттық тур ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қатысушыларға жаңа маршруттар таныстырылып, нысандардың тарихи маңызы мен өңірдің туристік әлеуеті жан-жақты баяндалды. Алдағы уақытта туроператорлар бұл бағыттарды экскурсиялық бағдарламаларға енгізіп, туристерді қазақ даласының киелі тарихымен таныстырады деп күтілуде.

Маршрут құрамына келесі нысандар енгізілген:

Нияз би кесенесі — қазақ халқының көрнекті биі әрі қоғам қайраткеріне арналған тарихи ескерткіш;

Қабанбай батыр кесенесі — қазақ жерін қорғауда айрықша ерлік көрсеткен ұлы қолбасшы мен батырға арналған қасиетті орын;

Бытығай кесенесі — ортағасырлық кезеңнен сақталған бірегей сәулет және тарихи мұра нысаны;

Қаныкей мазары — халық аңыздары мен дала руханиятымен сабақтас киелі орын.

Жобаны жүзеге асыру өңірдің туристік бағыттарын кеңейтіп қана қоймай, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына деген қызығушылықты арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың өз тамырына, ұлттық тарихы мен рухани құндылықтарына деген құрметін қалыптастыруға ықпал етпек.