
Ақмола облысында өңірлік туризм басқармасы ұйымдастырған гид-экскурсоводтарға арналған екі күндік оқыту семинары өтті. Іс-шара облыстың түкпір-түкпірінен келген мамандарды біріктіріп, кәсіби біліктілікті арттыру мен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды.
Семинар аясында қатысушылар экскурсия жүргізу техникасы, аудиториямен жұмыс істеу әдістері, Ақмола облысының өлкетануы, сөйлеу мәдениеті және экскурсияға қатысушылардың өзін-өзі ұстау ережелері сияқты негізгі кәсіби дағдыларды талқылады.
Семинарды гидтер одағының президенті, Қазақстан бойынша 29 экскурсияның авторы Салтанат Абжанова жүргізді. Оқытуға Бурабай, Зеренді, Сандықтау, Қорғалжын, Ақкөл аудандары мен Астана қаласынан 70-тен астам гид-экскурсовод қатысты.
Айта кетейік, 2025 жылы Ақмола облысына келуші туристер саны 1,5 миллионнан асты, ал биылғы маусымда 1,8 миллионнан астам турист келеді деп күтілуде.