
Ақмола облысында Ақмола облысы әкімдігі жанынан құрылған өңірлік штабтың 2024–2026 жылдарға арналған жазғы каникул кезеңінде мектеп оқушыларының сауықтыру демалысын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөніндегі өңірлік жоспарды іске асыру бойынша отырысы өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, мемлекеттік және жекеменшік балалар лагерлерінің басшылары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері («Думан» педагогикалық жасағы) қатысты.
Кездесудің модераторы Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева болды.
Ағымдағы жазғы маусымда балаларды демалыспен және сауықтырумен қамту мақсатында облыста 14 балалар сауықтыру лагерінің жұмысы жоспарланып отырғаны атап өтілді. Сонымен қатар, балаларды демалыспен қосымша қамту үшін жалпы білім беретін мектептер базасында тамақтанумен және тамақтанусыз 226 мектеп жанындағы алаң жұмыс істейтін болады. Жалпы жазғы кезеңде 1–10 сыныптардың шамамен 132 мың оқушысын демалыс, сауықтыру және жұмыспен қамтудың түрлі нысандарымен қамту жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, жазғы кезеңде балалардың жұмыспен қамтылуы мектептерде, 47 қосымша білім беру ұйымында, сондай-ақ балаларға қосымша білім беру бойынша мемлекеттік тапсырыс орналастырылған 71 ұйымда (еңбек, туристік, зияткерлік, шығармашылық бағыттар бойынша) ұйымдастырылады.
Отырыс барысында Ақмола облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов баяндама жасады. Ол білім беру және сауықтыру ұйымдары үшін санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу тәртібі, сондай-ақ 2025 жылы балалар сауықтыру лагерлері кездескен проблемалық мәселелер туралы айтты.
Жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылатыны атап өтілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері балалар сауықтыру орталықтарын және оларға жақын орналасқан су айдындарын тексеруден өткізеді.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға өңірдегі мектеп оқушыларының жазғы демалысын сапалы, қауіпсіз және қолжетімді ұйымдастыру бойынша ұсынымдар берілді.