
Ақмола облысында облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтің төрағалығымен курорттық аймақтарды алдағы жазғы туристік маусымға дайындау мәселелері бойынша кеңес өтті.
2025 жылы Ақмола облысына ішкі туристер ағыны 1,5 млн адамнан асты, ал биылғы маусымда бұл көрсеткіш 1,8 млн адамға дейін өседі деп күтілуде.
Кездесу барысында дайындықтың негізгі бағыттары жан-жақты қаралды: санитарлық жағдай, туристік инфрақұрылым, қауіпсіздік және қызмет көрсету сапасы.
Жаппай демалыс орындарының санитарлық жағдайына ерекше назар аударылды.
Бүгінгі күндегі ең маңызды және кезек күттірмейтін мәселе — су айдындарындағы жаппай демалыс орындарын, ең алдымен жағажай аймақтарын айқындау және оларды 1 мамырға дейін белгіленген талаптарға сәйкестендіру.
Маусым қарсаңында аумақтарды экологиялық тазарту жұмыстары күшейтіледі. Туристер көп шоғырланатын орындарда тазалықты сақтау үшін жазғы кезеңде қоқыс шығару жиілігін тәулігіне 6–7 ретке дейін арттыру, контейнерлер мен қоқыс жәшіктерінің санын көбейту, сондай-ақ абаттандыру қызметкерлерінің санын ұлғайту жоспарлануда.
Жазғы туристік кезеңде курорттық аймақтардың ең көп баратын локацияларында қоғамдық санитарлық-гигиеналық тораптардың тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуі, оларды тұрақты түрде күтіп-ұстау және тиісті санитарлық жағдайды қамтамасыз ету қарастырылады.
Өткір мәселелердің бірі – Бурабай курорттық аймағындағы көлік кептелісін азайту. Осыған байланысты бақылау-өткізу бекеттерінің жұмысын оңтайландыру бойынша жедел шаралар қабылдау, олардың өткізу қабілетін арттыру мүмкіндігін қарастыру, көлік ағындарын қайта бөлу және қозғалысты ұйымдастыруды жетілдіру тапсырылды.
Сонымен қатар жол бойы сервисті дамыту және мобильді байланыс сапасын арттыру мәселелері қаралды. Курорттық аймақтарда тұрақты байланыс қамтуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Барлық бағыттар бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен қызметтерге нақты тапсырмалар берілді. Курорттардың туристік маусымға толық дайындығы ерекше бақылауға алынды.
Негізгі міндет — туристер үшін қолайлы, қауіпсіз және заманауи жағдайлар жасап, барлық мүдделі құрылымдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету.