Бурабайда туристік инфрақұрылымның дамуы жалғасуда

Бурабайда туристік инфрақұрылымның дамуы жалғасуда

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі Щучинск-Бурабай курорттық аймағын кешенді дамыту жоспарын бекітті. Туристік инфрақұрылымды дамытудың негізгі бағыттары мен атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында баяндады.

Министрдің айтуынша, Бурабайда негізгі табиғи нысандарға түсетін туристік жүктемені қайта бөлу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, Қатаркөл және Жүкей көлдері сияқты баламалы локацияларды дамыту көзделген. Бұл ең көп баратын аумақтарға түсетін салмақты азайтып, курорттың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2024 жылы Щучинск-Бурабай курорттық аймағында туристік инфрақұрылымның жаңа нысандары пайдалануға берілді. Олардың қатарында абаттандырылған «Променад» аймағы, 10 шақырымнан астам веложолдар және заманауи шолу алаңдары бар. Жүзеге асырылған жобалар белсенді, экологиялық және отбасылық туризмді дамытуға, сондай-ақ демалушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған.

Бурабайдағы инфрақұрылымның дамуы өңірдің туристік өнімін кеңейтуге, жыл бойы демалуға қолайлы жағдай қалыптастыруға және курорттың елдегі жетекші туристік орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.