Үндістандық туроператорлар үшін ақпараттық тур

Үндістандық туроператорлар үшін ақпараттық тур

Ағымдағы жылдың 7–8 қазан аралығында Ақмола облысының «Бурабай» курортында Ақмола облысының туризм басқармасының жанындағы «Visit Aqmola» туристік ақпараттық орталығы» КММ  мен «Аstana Tourism» туризм даму орталығы» ЖШС бірлесіп Үндістаннан келген туроператорлар үшін ақпараттық тур ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – шетелдік қонақтарды аймақтың туристік әлеуетімен, атап айтқанда гольф және MICE туризмінің (іскерлік туризм) мүмкіндіктерімен таныстыру болды.

Екі күндік бағдарлама аясында қатысушылар өңірдің жетекші қонақ үй кешендері мен туристік нысандарын аралады. Олардың қатарында «Rixos Borovoe», «Wyndham Garden Burabay», «Forest Camp» және «Burabay» гольф клубы.

Бірінші күні туроператорлар Абылай хан алаңы мен Мультимедиялық интерактивті кешенге барып, шолу экскурсиясына қатысты. Содан кейін  «Wyndham Garden Burabay» қонақ үйінің нөмірлік қорымен, конференц-залдарымен және мейрамханасымен танысты. Экскурсия соңында қонақтарға «TAU» мейрамханасында түскі ас ұйымдастырылды.

Бірінші күннің соңында шетелдік қонақтар «Burabay» гольф клубына барып, кешеннің мейрамханасымен, қонақ үйімен және жақсы күтімдегі гольф алаңдарымен жан-жақты танысты. Келесі күні шетелдік қонақтар гольф ойынын өздері ойнап көріп, алаңның сапасы мен қызмет көрсету деңгейін жоғары бағалады.

Екінші күнгі бағдарлама аясында қатысушылар «Rixos Borovoe» және «Forest Camp» қонақ үйлеріне шолу жасап, жайлы демалыс пен іс-шаралар өткізуге арналған заманауи жағдайлармен танысты.

Үндістаннан келген қонақтар «Бурабай» курортына ерекше қызығушылық танытып, оның табиғи сұлулығын, туризмнің кең мүмкіндіктерін атап өтті. Ақпараттық турдың қорытындысы бойынша қатысушылар өңірдің халықаралық ынтымақтастықты дамытуға зор әлеуеті бар екенін ерекше атап өтті.