
20–22 маусым аралығында Бурабайдағы Aqmaral орман фермасында автотуризм, белсенді демалыс және саяхатқа арналған халықаралық Drive Forum Burabay фестивалі өтті. Іс-шараға Қазақстанның түрлі өңірлерінен, сондай-ақ Қырғызстан, Ресей, АҚШ және басқа да елдерден келген 200-ге жуық қатысушы жиналды.
Drive Forum Burabay — авто- және мото саяхатшылардың, караванерлердің және белсенді демалысты жақсы көретін жандардың жыл сайын өтетін халықаралық кездесуі. Фестивальдің мақсаты — Еуразия жол саяхатшыларының қауымдастығын нығайту, кэмпингтер, глэмпингтер және туристік бағыттар желісін дамыту, сондай-ақ қазақстандықтарды туған елін зерттеуге шабыттандыру.
Фестиваль барысында танымал саяхатшылар мен сарапшылар тәжірибелерімен бөлісті: Nomad 105 клубының президенті Ғалым Бейсенбин, Nissan March көлігімен саяхаттаушы Людмила Гвоздева, тревел-блогер Азамат Сулайманов, агротуризм жөніндегі сарапшы Камилла Маратқызы және тағы басқалар.