Күнсұлу Закария: QazVac үшiн автор ретiнде алаңдап отырған жоқпыз

Күнсұлу Закария: QazVac үшiн автор ретiнде алаңдап отырған жоқпыз

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — Биологиялық қауiпсiздiк проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария журналистермен сұхбат барысында QazCOVID-in (QazVac) вакцинасының коронавирусқа қарсы тиiмдiлiгi мен қауiпсiздiгi туралы толыққанды мәлiмет бердi, деп хабарлайды ҚазАқпарат тiлшiсi. Елордада журналистермен кездескен Күнсұлу Закарияға отандық вакцинаның ерекшелiктерi туралы сан түрлi сұрақтар қойылды. — Коронавирусқа қарсы вакцина алғаннан кейiн иммунитет қанша уақыт сақталуы мүмкiн? — Бүгiнде толық зерттеулер жоқ, сондықтан нақты мерзiм туралы объективтi мәлiмет беру мүмкiн емес. Бiз тек болжай аламыз. Бiздiң QazCOVID-in вакцинасы иммунитеттi бiр жыл бойы сақтайды деп болжаймыз. Ресейлiк «Спутник V» әзiрлеушiлерi иммунитет екi жыл бойы сақталады деп мәлiмдедi. Алайда, бұдан былай коронавирустың да тұмау сияқты әрдайым бiзбен бiрге өмiр сүретiнiнiн түсiнуiмiз керек. Бiр жылда екi рет вакцинация жүргiзу қажет болуы да мүмкiн. Иммунитет, әрине, төмендейдi. Себебi бiз қазiр гуморальды иммунитет туралы айтып отырмыз. Бiрақ негiзгi мәселе жасушалық иммунитет пен жасушалық жадты дамыту болып отыр. Мұның бәрi әлi зерттеледi. — Қазақстандық вакцинаның қаншалықты тиiмдi екенiн қай кезде нақты бiле аламыз? — Зерттеудiң бiрiншi кезеңi вакцинаның қауiпсiздiгiн, екiншi кезеңi — иммуногендiлiктi, үшiншi кезеңi — профилактикалық қауiпсiздiктi зерттейдi. Бүгiнгi таңда профилактикалық қауiпсiздiк туралы ешкiм жауап бере алмайды. Себебi коронаврусқа қарсы ойлап табылған вакциналардың ешбiрi үшiншi кезеңнен әлi өткен жоқ. Ресейлiк мамандардың, бiздiң мамандардың тиiмдiлiк туралы айтып жүргенi — аралық мәлiметтер. Соңғы деректер үшiншi кезең аяқталғаннан кейiн және қорытынды есепте болады. Аралық деректер бойынша бiздiң вакцинаның тиiмдiлiгi — 96%. — Өзiңiз вакцина алдыңыз ба? — Қазақстандық вакцинаны әзiрлеушi ғалымдар клиникаға дейiнгi зерттеулер жүргiзгеннен кейiн, яғни, өткен жылдың шiлде айында бiрiншi болып осы вакцинаны алды. Жануарларға жасалған сынақ бiздiң екпенiң толық қауiпсiз әрi иммуногендi екенiн көрсеткеннен кейiн-ақ өзiмiзге салғызғанбыз. — Вакцина алмай тұрып антидененiң бар-жоғын анықтау қаншалықты маңызды? Кiмдерге вакцина алуға болмайды? — Бұл жөнiнде тiптi Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы да стандартты ұсынымдар мен ережелер бере алмай отыр. Бұл — жаңа ауру. Дегенмен, вакцина алуға болмайтын белгiлi бiр тәуекел топтары бар. Жүктiлiк кезеңi, омырауда баласы бар аналар үшiн лактация кезеңi, созылмалы аурулардың асқыну кезеңi, АИТВ ауруы кезеңi, белсендi онкологиялық процестер. Аталған санаттағы адамдар егiлмейдi. Антидененi анықтау мәселесiне келсек, адам аурудың бастапқы кезеңiнде болса, яғни инкубация кезеңi болса, онда кез-келген вакцина ауруды қоздыратынын түсiну керек. Инкубациялық кезеңде ешқашан вакцина алуға болмайды. Сондықтан, вакцина салғызар алдында адам өзiнiң күйi жақсы екенiне сенiмдi болуы керек немесе арнайы талдаулар алып, тексерiлген жөн. — Көп адам вакцина алғаннан кейiн жанама әсерi бола ма деп қорқады. Вакцинацияның ықтимал жағымсыз әсерлерiн қалай түсiндiре аласыз? — Әр адам өмiрiнде өлтiрiлген вакцинаны 3 рет алған. Балалардың барлық екпелерi өлтiрiлген вакцинаға негiзделген. Яғни мұндай вакиналардағы компоненттердiң бәрi толық зерттелген. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы бұл тәсiлдi сертификаттаған. Бiздiң вакцинаның басты жаңалығы — вирустың өзi. Сондықтан бiз вакцинаның жасалу әдiсi мен қауiпсiздiгiне алаңдамаймыз. Жылдар бойы қалыптасқан тәжiрибе аталмыш технологияның қауiпсiз әрi керi әсерi жоқ екенiн дәлелдеген. Ал жаңа платформадағы субуниттiк, векторлық және әлсiретiлген (генетикасы түрлендiрiлген) вакциналар толық зерттелiп бiткен жоқ. Мұндай вакциналардың кейiн қандай да бiр әсерi болмайтынына көз жеткiзу үшiн уақыт керек. Тiптi ондаған жылдар қажет.

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсендi сiлтеменi пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/kunsulu-zakariya-qazvac-ushin-avtor-retinde-alandap-otyrgan-zhokpyz_a3783501