
Құрметті Степногорск қаласының тұрғындары және ата-аналар!
Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, олардың ересектердің қарауынсыз су айдындарының маңында болуына жол бермеу қажет.
Өкінішке қарай, Ақмола облысының аумағында кәмелетке толмағандардың қатысуымен судағы жазатайым оқиғалар тіркеліп отыр. Мәселен, Қосшы қаласында шомылуға тыйым салынған Нұра–Есіл каналында 10 жастағы бала суға батып кетті. Ал Зеренді ауданында құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды — су айдынының жанында ересектердің қарауынсыз қалған бала анықталды.
Халықтың демалысы үшін қауіпсіз орындарды айқындау мақсатында ағымдағы жылдың 19 мамырында Степногорск қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Ақмола облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен қала аумағындағы су айдындарына тексеру жүргізді.
Тексеру қорытындысы бойынша қаладан 8 шақырым қашықтықтағы «Тас карьері» су айдыны мен қаладан 7 шақырым қашықтықтағы Ақсу өзені қауіпті әрі шомылуға жарамсыз деп танылды. Аталған су айдындарында «Шомылуға тыйым салынады» деген ескерту белгілері орнатылған.
Ақмола облысы әкімінің қаулысына сәйкес, Степногорск қаласының аумағында халықтың жаппай демалуы және шомылуы үшін ресми түрде рұқсат етілген бір ғана орын белгіленген — Заводской кенті маңында орналасқан «Сопка-305» демалыс базасының жағажайы.
Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін, атап айтқанда:
• тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін;
• су айдындарында мас күйінде болғаны үшін;
• балаларды ересектердің қарауынсыз су жағасында қалдырғаны үшін;
• құтқару кеудешесінсіз жүзу құралдарын пайдаланғаны үшін
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Әкімшілік айыппұл мөлшері 7 АЕК-ті құрайды (2026 жылы — 30 275 теңге).
Құрметті ата-аналар! Балаларыңызға судағы қауіпсіздік ережелерін үнемі ескертіп отырыңыздар, олардың қайда жүргенін бақылаңыздар және су айдындарының жанында қараусыз қалдырмаңыздар. Қарапайым сақтық шараларын сақтау балаларыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі.
Степногорск қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы.