28 маусым күні Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жұмыс сапарымен Степногорск қаласында болды. Сапардың негізгі мақсаты – Степногорск жылу электр орталығының жұмысымен және қаланың 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық барысымен танысу.
1966 жылы пайдалануға берілген станция бүгінде қала үшін жылу мен электр энергиясының негізгі көзі болып қала беруде. Қондырғылардың 61,8 пайызы тозғанына қарамастан, ЖЭО тұрақты жұмыс істеп тұр. Биыл станцияны жаңғыртуға 7,4 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар бөлініп, қазандықтар мен негізгі жабдықтарды жөндеу жоспарланған.
Министр сондай-ақ екі ірі инфрақұрылымдық жобамен танысты – ұзындығы 12 км-ден асатын магистральдық жылу желісін жөндеу және ішкі кварталдық желілерді қайта жаңарту. Сонымен қатар, ұзындығы 9,5 км, диаметрі 800 мм болатын «ЖЭО – Қала» жылу магистралін жаңғырту бойынша Ұлттық жобаны іске асыру мәселесі талқыланды.
Электр желілерінің жағдайы да назардан тыс қалған жоқ: «АЭК» АҚ және «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламалары аясында әуе желілері мен қосалқы станцияларды жөндеуге 11 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Ерлан Ақкенженов Степногорск қаласында қысқы маусымға дайындық бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтіп, кездесуде көтерілген барлық мәселелер назарға алынатынын және министрлік өңірге қажетті қолдау көрсететінін жеткізді.