Степногорск қаласында 2025–2026 жылғы жылу беру маусымына дайындығы және Изобильное ауылында орталықтандырылған ауызсу жүйесінің құрылысы ерекше бақылауда.
Жылу беру маусымына кешенді дайындық аясында жылумен қамту жүйесінің негізгі элементтері жаңғыртылуда. Басты бағыттардың бірі – Степногорск жылу электр орталығына (ЖЭО) жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары. Бұл мақсатқа кәсіпорын өз қаражаты есебінен шамамен 7,4 млрд теңге бөлген. Қазіргі таңда қазан агрегаттары, турбиналар, газ жүретін құбырлар мен түтін мұржасы жаңартылып жатыр. Бұл жүйенің сенімділігі мен энергия тиімділігін арттыруға сеп болады.
Сонымен қатар магистральдық жылу желілерін ауқымды түрде алмастыру жұмыстары жүргізілуде. Ең тозығы жеткен 530 мм диаметрлі жылу трассасының бөлігі қайта жаңғыртылып жатыр. Жалпы ұзындығы 12,5 шақырымды құрайтын құбыр желілері біртрубалық есеппен ауыстырылады. Бұл жұмыстар Үкіметтің резервтік қаражаты есебінен қаржыландырылуда. Бүгінде 6,4 шақырым ескі құбыр алынып тасталды, жобаны 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.
Қосымша түрде көпқабатты үйлердің жертөлелерінде және ашық жылу трассаларында ішкі және таратушы жылу желілерін жөндеу де жүргізіліп жатыр. №7 және №9 шағын аудандарында диаметрі 159 және 219 мм болатын 2 шақырымнан астам құбырлар ауыстырылған. «Степногорск Теплотранзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында диаметрі 820 мм-ге дейінгі кварталішілік желілер күрделі жөндеуден өтуде.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов негізгі жұмыс жүргізіліп жатқан учаскелерді аралап, мердігерлерге белгіленген мерзім мен сапа талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
Осы уақытта Изобильное ауылында да орталықтандырылған ауызсу жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – Президенттің елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған жоба. Бас мердігер – «Камила» ЖШС.
Қазіргі таңда тереңдігі 100 метр болатын екі артезиан ұңғыма бұрғыланып, сағатына 40 текше метр су өндіретін мүмкіндікке ие болды. Жоспарланған 15 шақырым су құбырының 9,7 шақырымы тартылды. Су сапасы зертханалық сынақтармен жоғары деңгейде екені дәлелденген. Нысанды қыркүйек айының соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жоба аясында 147 үй қамтылған, олар жаңа жүйеге қосыла бастады. Бұл тек санитарлық жағдайды жақсартып қоймай, тұрғындардың жеке шаруашылықты дамытуына, абаттандыру мен тұрмыс сапасын арттыруға жағдай жасайды. Елдос Рамазановтың айтуынша, мұндай жобалар - қарапайым инфрақұрылым емес, ауыл болашағына салынған инвестиция және жастарды елде ұстаудың, оларды қайта тартудың маңызды құралы.