
Ақмола облысында халыққа мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру бойынша кешенді жұмыстар жалғасуда. 2026 жылдың жеті айындағы негізгі нәтижелер туралы брифинг барысында Ақмола облысы жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина баяндады.
Басым бағыттардың бірі – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Жыл басынан бері облыста 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның 9 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары. Мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламаларын, оның ішінде қоғамдық жұмыстарды, әлеуметтік жұмыс орындарын, жастар практикасын және «Күміс жас» жобасын іске асыру жалғасуда. Сонымен қатар азаматтарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіптік оқыту және кейіннен жұмысқа орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға атаулы қолдау көрсетуге ерекше назар аударылуда. Өңірде кедейлік деңгейін төмендетуге және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын қысқартуға бағытталған «Кедейлерсіз округтер» пилоттық жобасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда облыстың 226 ауылдық округінің 125-інде АӘК алушылар жоқ, ал соңғы жылдары атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны он еседен астам қысқарды.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау бойынша жұмыстар жалғасуда. Соңғы үш жылда осы салаға бөлінетін қаржыландыру көлемі 1,5 млрд теңгеден 2,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Облыстың 10 мыңнан астам тұрғыны протездік-ортопедиялық бұйымдарды, кресло-арбаларды және басқа да құралдарды қоса алғанда, оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылы жеті адамға кохлеарлық имплант орнатылды, сондай-ақ құны 15 млн теңге болатын заманауи жоғары технологиялық протез сатып алынды.
Этникалық қазақтарды (қандастарды) қолдауға да ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде тұрақты түрде Ашық есік күндері өткізіліп, жеке қабылдаулар ұйымдастырылады, қандас мәртебесін алу үшін цифрлық сервистер енгізілді, сондай-ақ қоныс аудару және жұмысқа орналасу кезінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.
Облыста 12 Отбасын қолдау орталығы жұмысын жалғастыруда. Жыл басынан бері олар 3,8 мыңға жуық қызмет көрсетіп, 3,1 мыңнан астам өңір тұрғыны кешенді көмек алды. Бұдан бөлек, мобильді ведомствоаралық топтар 830 отбасына көмек көрсетіп, 1,7 мыңнан астам түрлі әлеуметтік қызмет ұсынды.
Брифинг қорытындысын шығара отырып, Шолпан Рахматуллина мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру, жұмыспен қамту жүйесін дамыту және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру басқарма жұмысының негізгі бағыттары болып қала беретінін атап өтті.