
Ағымдағы жылдың 24 маусымында облыс әкімдігінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия жұмысына мемлекеттік органдардың, еңбек ұтқырлығы орталығының және мүдделі ұйымдардың өкілдері, аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары (онлайн режимде) қатысты.
Отырыс барысында жұмыссыз азаматтардың басым санаттарын жұмысқа орналастыру және біржолғы шартты ақшалай көмек көрсету және еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тарту мәселелері қаралды. Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Е. Мұхамедин жұмыспен қамту органдарында есепте тұрған азаматтарды алып жүрудің ағымдағы жағдайы және оларды еңбек қызметіне тарту үшін қабылданатын шаралар туралы хабардар етті.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыруға және бюджет қаражатын тиімді игеруге ерекше назар аударылды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Н. Бексұлтанова ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша Ақмола облысының еңбек ұтқырлығы орталығының Жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынды.
Отырыс қорытындысы бойынша басым санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмысты күшейту, мансаптық орталықтар қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру мониторингін күшейту қажеттігі атап өтілді.
Жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тиісті тапсырмалар берілді.