
Бүгін Ақмола облысы әкімінің орынбасары Әміренова Алтынай Байқадамқызының төрағалығымен Отбасы цифрлық картасын, Бірыңғай цифрлық платформаны іске асыру және «D», «E» санаттарына жатқызылған, сақтандырылмаған азаматтарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңеске жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, денсаулық сақтау, білім беру басқармаларының, мемлекеттік кірістер және полиция департаменттерінің, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Бейнеконференцбайланыс режимінде кеңеске аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары, мансап орталықтарының директорлары қосылды.
Кеңес барысында Степногорск қаласы бойынша «Отбасы цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі деректерді өзектендіру, дағдарыстық және шұғыл өмірлік жағдайға тап болған отбасылармен атаулы жұмыстар жүргізу, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Еліміздегі халыққа көрсетілетін әлеуметтік көмектің атаулылығын қамтамасыз етуге және мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау процестерін автоматтандыруға бағытталған Бірыңғай цифрлық платформа мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар «D», «E» санаттарындағы сақтандырылмаған азаматтарды жұмыспен қамту, оларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту және әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары мүдделі мемлекеттік органдар мен аудан, қала әкімдіктеріне деректерді өзектендіру сапасын арттыруға, халықпен атаулы жұмысты күшейтуге, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға және азаматтарды жұмыспен қамту бойынша шараларды жандандыруға бағытталған тиісті тапсырмалар берді.