Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Ақмола облысына жұмыс сапарымен келді

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Ақмола облысына жұмыс сапарымен келді

2026 жылғы 5 маусымда жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Вильгельмовна Шегай Ақмола облысына келді.

Сапар барысында Вице-министр халыққа арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, Шортанды ауданының Жолымбет кентіндегі психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған Дамса ауылындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, сондай-ақ Бурабай ауданының Щучинск қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы араланды.

Мекеме басшылары арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, қызмет алушылар үшін қолайлы жағдай жасау, кадрлық қамтамасыз ету және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі дамыту перспективалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Көкшетау қаласында Виктория Шегай Ақмола облысы тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы Әмренова, Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Салыққызы Рахматуллина, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыру, зейнетақымен қамсыздандыру, балалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін дамыту, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек қатынастары мен көші-қон процестерін реттеу мәселелері қаралды.

Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалып жатқаны атап өтілді. Әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыру, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету тетіктерін жетілдіру, әлеуметтік саланы цифрландыру және азаматтарды жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдау өтті. Оның барысында облыс тұрғындары әлеуметтік қорғау, еңбек және жұмыспен қамту салалары бойынша өздерін қызықтырған сұрақтармен жүгінді. Әрбір өтініш бойынша тиісті түсіндірмелер мен ұсынымдар берілді.