
Бүгін Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы Әміренованың төрағалығымен Жарқайың ауданында Отбасы цифрлық картасын іске асыру, сондай-ақ Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі (ЕШЕБЖ) мәліметтері мен міндетті зейнетақы жарналары бойынша деректер арасындағы анықталған сәйкессіздіктер мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Кеңеске жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, білім беру басқармаларының, мемлекеттік кірістер және полиция департаменттерінің, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Бейнеконференцбайланыс режимінде кеңеске аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары, мансап орталықтарының директорлары қосылды.
Кеңес барысында Отбасы цифрлық картасын іске асыру мәселелері, оның ішінде отбасыларды қиын өмірлік жағдайдан шығару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректерді өзектендіру және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Ерекше назар ЕШЕБЖ мәліметтері мен міндетті зейнетақы жарналары бойынша деректер арасындағы анықталған сәйкессіздіктерге, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтердің дұрыстығы мен өзектілігін қамтамасыз ету шараларына аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары мүдделі мемлекеттік органдар мен аудандық және қалалық әкімдіктерге деректерді өзектендіру сапасын арттыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге және халықпен атаулы жұмысты күшейтуге бағытталған тиісті тапсырмалар берді.