Мүгедектігі бар адамға жеке көмекші қызметін көрсету тәртібі қалай жетілдірілуде

Мүгедектігі бар адамға жеке көмекші қызметін көрсету тәртібі қалай жетілдірілуде

Соңғы уақытта Министрлікке мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекші қызметін көрсету тәртібіне қатысты азаматтардан көптеген сұрақтар кеп түсуде. Біз бұл сауалдарды мұқият қарап шығып, түсіндіруді қажет ететін бірнеше негізгі мәселені анықтадық.

Ұсынылып отырған өзгерістер жеке көмекші қызметін жоймайды, және мемлекеттік қолдау көлемін қысқартпайды. Керісінше, жоба қызмет алушылар мен көмекшілердің өздері арасында тәжірибеде туындаған құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге бағытталған.

Бүгінде жеке көмекші қызметі азаматтық-құқықтық шарт негізінде көрсетіледі. Алайда қолданыстағы тетік қызмет көрсету және оны растау тәртібін әрдайым нақты реттей бермейді. Осыған байланысты жоба аясында бірыңғай үлгілік шарт енгізу ұсынылады. Бұл ортақ әрі түсінікті ережелерді қалыптастырып, даулы жағдайлардың санын азайтуға және тараптардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қызметтерді адамның нақты қажеттілігіне қарай көрсету тәсілі ұсынылады. Яғни қызмет қажетті нысандарға бару кезінде нақты сүйемелдеу өтінімдері бойынша, қызмет алушының уақыты мен қажеттілігі ескеріле отырып көрсетіледі. Бұл жүйені мүгедектігі бар азаматтардың өздері үшін анағұрлым ыңғайлы әрі икемді етеді.

Сонымен қатар, рұқсат етілген ең жоғары қызмет көлемі үшін төлем мөлшері өзгеріссіз сақталады. Міндетті әлеуметтік аударымдар, зейнетақы жарналары және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары да бұрынғы тәртіппен жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен төлене береді.

Алдағы уақытта жоба өтінім беру мен нақты көрсетілген қызметтерді растау процесін цифрландыруды көздейді. Бұл қағазбастылықты азайтып, бюджет қаражатының жұмсалу ашықтығын арттыруға, негізсіз төлемдердің алдын алуға және азаматтардың қызметті алуын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдардың қозғалысын GPS арқылы бақылау енгізіледі деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін ерекше атап өткен жөн. Жобада мұндай тетіктер қарастырылмаған. Бақылау тек көрсетілген қызметтің фактісі мен көлемін растауға қатысты болады және қызмет алушылар мен көмекшілердің жеке өміріне немесе еркін жүріп-тұруына ешқандай араласуды көздемейді.

Сондай-ақ жеке көмекші қызметі заңнамада бастапқыдан азаматтық-құқықтық қатынастар шеңберінде көрсетілетін қызмет ретінде қарастырылғанын ескеру маңызды. Сондықтан мұндай қатынастарға еңбек заңнамасы емес, қызмет көрсетуге қатысты азаматтық заңнама нормалары қолданылады.

Ұсынылып отырған өзгерістер құқықтық түсініксіздіктерді жоюға, қолданыстағы тетікті оның бастапқы құқықтық табиғатына сәйкестендіруге және азаматтық заңнама талаптарына келтіруге бағытталған.

Жоба қызмет көрсетудің бірыңғай әрі түсінікті ережелерін енгізіп, даулы жағдайларды азайтады, бюджет қаражатының жұмсалу ашықтығын арттырады және қызмет алушылар мен жеке көмекшілердің мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді.