Қарт адамдарды, мүгедектігі бар тұлғаларды және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы басқарма басшысының брифингі

Қарт адамдарды, мүгедектігі бар тұлғаларды және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы басқарма басшысының брифингі

        2025 жылғы 6 қараша күні Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллинаның «Қарт адамдарды, мүгедектігі бар тұлғаларды және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қорғау» тақырыбында брифингі өтті.

       Дәстүрлі түрде қазан айында облыста қарт адамдар мен мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік қолдау айлығы өткізіледі. Оның мақсаты — өмір сапасын арттыру және аға буынға құрмет пен қамқорлық құндылықтарын нығайту. Айлық аясында жалпы сомасы шамамен 1 млрд. теңге болатын көмек көрсетіліп, 81 мыңнан астам адам қамтылды. 35 мыңнан астам зейнеткер біржолғы төлем алды, 1 200 адам шипажайлық-курорттық емдеуге жіберілді, ал Көкшетау қаласының 31 мың зейнеткеріне қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі берілді.

       Барлығы 2,4 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 54 мыңнан астам облыс тұрғыны қатысты.

       Мүгедектігі бар тұлғаларды қолдауға да ерекше назар аударылды — 13 мыңнан астам адам оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етілді, 46 әлеуметтік қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді.

      Мүгедектігі бар адамдар күніне орай 300 млн. теңгеден астам сомаға біржолғы төлемдер тағайындалды, олар өтінімсіз түрде төленді.

      Халықты жұмыспен қамту саласында 31 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,5%, бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен.

      2019 жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 5,5 есеге азайды, бұл халықтың еңбек белсенділігінің артқанын көрсетеді.

      Шолпан Рахматуллина атап өткендей, бүгін алғаш рет қандастар үшін Ашық есік күні өткізілді. Іс-шараға аудандық әкімдіктердің өкілдері мен түрлі өңірлерден келген қандастар қатысты. Мұндай кездесулерді ай сайын, әр айдың 6-сы күні өткізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар өзекті мәселелерді талқылауға, туындаған проблемаларды жедел шешуге және қандастарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.

      Басқарма басшысы атап өткендей, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту және халықтың осал топтарын қолдау Ақмола облысының мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді.