Шортанды ауданының әкімі COVID-19-дан қайта вакцинацияланды

Шортанды ауданының әкімі COVID-19-дан қайта вакцинацияланды

Шортанды ауданының әкімі Бауыржан Малғаждаров бүгін коронавирусқа қарсы егудің үшінші компонентін алды, - деп хабарлайды жергілікті әкімдік.

Бауыржан Бағдатұлы қайта вакцинациялау мерзімі жеткен азаматтарға екпе алуды ұсынды.

"Дәрігерлердің ұсыныстарында алты айдан кейін дененің қорғанысын қамтамасыз ету үшін ревакцинациядан өту керек деп айтылады. Шортандылықтарды вакцина алуға шақырамын", – деді аудан әкімі.

Ауданда ревакцинация науқаны басталғаннан бері бірінші кезекте медициналық қызметкерлер, санитарлық-эпидемиологиялық мекемесінің қызметкерлері, педагогтар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатарынан азаматтар қайталама вакцинаны алады.

Сондай-ақ, вакцинация процедурасы мүмкіндігінше жеңілдетілген. Ауданда әрбір ниет білдіруші екпені алдын ала жазылусыз және тұрғылықты жеріне байланыстырусыз ала алады.