Ақмола облысының әкімі Шортанды ауданындағы орман питомнигін аралады

Ақмола облысының әкімі Шортанды ауданындағы орман питомнигін аралады

Жұмыс сапары аясында Шортанды ауданына барған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Қазақстан орманы» ЖШС-нің орман питомнигіне барды.

Питомник өңірдегі орман ресурстарын қалпына келтіру саласындағы негізгі нысандардың бірі болып табылады. 485 гектар аумақта ағаш және бұта тұқымдарының көшеттері мен шыбықтары – қарағаш, терек, тал және басқа да түрлері өсіріледі. Заманауи тамшылатып суару жүйесі жолға қойылған, су жинақтау бассейні жұмыс істейді, бұл отырғызу материалын тиімді күтіп-баптауға мүмкіндік береді.

«Сұранысты ескере отырып, біз өңір елді мекендерін көгалдандыру үшін қажет қайың мен қарағай көшеттерін өсіруге дайынбыз. Біздің отырғызу материалымыз жерсінуге жақсы бейімделеді және бағасы да төмен», – деді «Қазақстан орманы» ЖШС басшысы Қуат Ерғалиев.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде 2027 жылға дейін 150 млн ағаш көшеті отырғызылуы тиіс. Барлық жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде, бүгінде 74 млн көшет отырғызылды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында отырғызу материалымен толық қамтамасыз ету үшін жеке питомниктерді тарту қажет, соның ішінде көршілес өңірлерді де қамту маңызды», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Өңір басшысы сондай-ақ орманды қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, көгалдандыру аумақтарын одан әрі кеңейту және көшеттердің жерсіну деңгейін арттыру үшін заманауи агротехнологияларды енгізу қажеттігін жеткізді.

Айта кетейік, өңір аумағындағы 11 мемлекеттік орман питомнигінде жыл сайын шамамен 10 млн қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттері өсіріледі.