Ақмола облысының Пригородное ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды

Ақмола облысының Пригородное ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды

Жаңа жыл қарсаңында Шортанды ауданына қарасты Пригородное ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Медициналық нысан мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынды. Бұл жоба ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

Пригородное ауылы аудан орталығынан 65 шақырым қашықтықта орналасқан. Жаңа ФАП Пригородное ауылымен қатар көршілес Камышенка және Октябрьское ауылдарының тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Жалпы алғанда, шамамен 1 500 адам медициналық көмекті өз ауылына жақын жерден алу мүмкіндігіне ие болды.

Фельдшерлік-акушерлік пункт заманауи медициналық құрал-жабдықтармен және цифрлық техникамен толық жабдықталған. Мұнда тәжірибелі медицина қызметкерлері еңбек етеді, кадр тапшылығы жоқ. Андреевка ауылдық дәрігерлік амбулаториясының дәрігерлері ауылға аптасына бірнеше рет келіп, медициналық көмек көрсетеді. Алдағы жылы мекемеге қызметтік автокөлік алу жоспарланған.

Ауыл тұрғындары жаңа медициналық нысанның ашылуын қуанышпен қарсы алды. Бұған дейін олар талдау тапсыру және дәрігер кеңесін алу үшін аудан орталығына немесе көрші ауылдарға баруға мәжбүр болған.

Салтанатты ашылу барысында Шортанды ауданының әкімі Шабаров Сағындық Серікбайұлы ауыл тұрғындарын жаңа медициналық нысанның ашылуымен және алда келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, барша тұрғындарға зор денсаулық, амандық пен игілік тіледі.