Ақмола облысында ауыр және интернет арқылы жасалатын қылмыстар күрт көбейген. Бұл туралы өңірлік брифингте облыс прокурорының орынбасары Ерболат Жүсіп мәлімдеді.
Оның айтуынша, статистика артқанымен, себептер тереңде жатыр. Көп қылмыс бұрын жасалып, биыл ғана тіркелген. Сонымен қатар, интернеттегі алаяқтықтар мен синтетикалық есірткі тарату деректері де көбейіп отыр.
2025 жылдың алғашқы төрт айында облыста 2073 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сәл жоғары көрсеткіш. Ауыр және аса ауыр қылмыстар саны өскен: 807 ауыр, 21 аса ауыр қылмыс тіркелген. Ерболат Жүсіптің айтуынша, бұл өсімнің басты себебі – алаяқтық деректеріннің жаппай тіркелуі.
«Біз өзіміз 450-ден астам эпизодтан тұратын ірі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғадық. бұл екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарын алдау дерегі. Әрбір жәбірленушіге қатысты жеке іс тіркелді. осы дерек ауыр қылмыстар статистикасын арттырып отыр», — деді Ерболат Жүсіп.
«Аталған іс бойынша 26 адам күдікті деп танылған, оның 17-сі қамауға алынған. Барлық эпизодтар 2020–2024 жылдары жасалған, сондықтан биылғы жылы олардың барлығына процессуалдық баға беріліп отыр.Егер бұл істерді есептен шығарсақ, жалпы қылмыстық тіркеу азайған болар еді», — деді прокурордың орынбасары.
Интернет-алаяқтық та өршіп тұр. Мәселен, өткен жылы 733 жағдай тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 867-ге жеткен. Оның ішінде 717-сі интернет арқылы жасалған. Құқық қорғаушылар биыл Көкшетауда Sim-box құрылғысын анықтады. Бұл құрылғы арқылы мыңдаған жалған қоңырау шалынып, мобильді операторлардың жүйесін айналып өтуге мүмкіндік берілген.Спикер нақты мысал келтірді.
«10 ақпанда ресейлік азамат көкшетауға келіп, 128 tele2 сим-картасын салып, бұл құрылғыны іске қосқан. бұл бойынша қылмыстық кодекстің 213-бабы бойынша іс қозғалып, кейін қр іім-ге берілді», — деді Ерболат Жүсіп.
2025 жылдың 4 айында 134 есірткіге қатысты қылмыс тіркелген. Бұл — екі есеге жуық өсім. 29,7 кг есірткі тәркіленген, оның ішінде 5,8 кг синтетикалық заттар. Көкшетау, Астана және Қарағандыда есірткі сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың 13 мүшесі әртүрлі мерзімге сотталды. Сонымен қатар Ерейментауда синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан Канфин есімді азамат 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Біз есірткі «дүкендерінің» есеп-шоттарын бұғаттаумен де айналысамыз. Қазір 330-дан астам шот анықталып, 40 миллион теңгеден астам қаражат бұғатталды», — деді Ерболат Жүсіп.
«Қылмыс — бұл әлеуметтік құбылыс. оны тек құқық қорғау тұрғысынан ғана емес, әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрғысынан да қарау қажет. Барлығымыздың ортақ міндетіміз — заңдылықты қамтамасыз ету мен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау», — деп түйіндеді ол.