
Aqmola Invest алаңында Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы тамақ және агроөнеркәсіп саласындағы келешегі зор жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша инвесторлармен кездесулер өткізді.
«Biolife Proprevit» жобасын талқылау аясында экологиялық сүтті емдік-профилактикалық өнімдер мен алкогольсіз сусындар өндіретін кешен салу мәселелері қаралды. Жобаның ерекшелігі – зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің, атап айтқанда шахтерлер, металлургтер мен химия саласы мамандарының ағзасын детоксикациялауға және денсаулығын қалпына келтіруге көмектесетін өнімдерді өндіру. Жоба аясында заманауи биотехнологиялар қолданылып, нутрицевтика саласындағы отандық және шетелдік мамандардың қатысуы жоспарлануда.
Сонымен қатар, REMSINTEZ RK LLP компаниясының өкілдерімен кездесу өтіп, тұқым сепкіштер, егіс кешендері және басқа да топырақ өңдейтін ауылшаруашылық агрегаттарын өндіретін зауыт салу жобасы талқыланды. Бұл жоба импортты алмастыруға және отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін заманауи әрі қолжетімді техникалармен қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған екі жобаны Қоянды ауылының маңында орналасқан, өңірлік маңыздағы жаңадан құрылып жатқан «Koyandy Industrial Park» индустриялық аймағында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Индустриялық аймақ қуатты өндірістік кластер қалыптастыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ өңір экономикасына тікелей инвестиция тартуға бағытталып отыр.