Еліміздің барлық өңірлерінде Saulyq.kz жобасы жүзеге асырылып жатыр

Еліміздің барлық өңірлерінде Saulyq.kz жобасы жүзеге асырылып жатыр

«Saulyq Life»  — Жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау жөніндегі республикалық қозғалыс жобасы. Ол ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты — жастардың репродуктивті сауаттылығын арттыру, ерте жүктіліктің, түсіктердің және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу. Бұл туралы «Медицина жастары» РҚБ  төрағасы, «Saulyq.life: Қазақстан жастарының репродуктивті денсаулығын сақтау республикалық жастар қозғалысы» жобасының үйлестірушісі Абылайхан Әбдірәш ОКҚ брифингінде мәлімдеді.

Жоба еліміздің барлық 17 облысын және 3 республикалық маңызы бар қаласын қамтиды. 2 жылда 200-ден астам іс-шара өткізіліп, 40 000-нан астам жас қамтылды.

«Жастарға медиа бағытта қолдау көрсететін Saulyq.kz онлайн платформасы іске қосылды. Қазіргі таңда оған 95 мыңнан астам пайдаланушы көмекке жүгінді. Сонымен қатар 3 800 жастан анонимді өтініш келіп түсті. Платформа арқылы 3 мыңнан астам жас гинеколог, андролог, психологтың консультациясын алған болатын», – деді спикер.

Әлеуметтік желілерде де белсенді ақпараттық науқан жүргізіліп жатыр. 400-ден астам ақпараттық контент дайындалды. Ол 10 млн-нан астам қаралым жинады. 15-тен астам инфлюенсер мен медицина саласының блогері тартылды. 1000-нан астам волонтер жоғары оқу орындары мен мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.