2025 жылғы 9 мамыр күні еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуде. Бұл күн – халқымыздың ерлігі мен қаһармандығының, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің символы болып мәңгі ел жадында сақталады.
Осыған орай Ақмол ауылында жерлестерімізге, Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерге арналған мемориалға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы, мемлекеттік органдар мен әскери мекемелердің, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, ардагерлер кеңесі, Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлер одағының мүшелері, аудан мекемелері мен ұйымдарының еңбек ұжымдары, қоғамдық бірлестіктер, ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысты.
Шараға жиналғандар Ұлы Жеңіске өз үлесін қосқан ерлердің рухына тағзым етіп, Мәңгілік отқа гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жеңісті жақындатқан майдангерлерге, тыл еңбеккерлеріне және сол бір сұрапыл жылдарда Отан қорғау жолында жанын қиған батырларға алғыс білдіре отырып, қатысушылар тарихи жадыны сақтау мен жас ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.
Осы ұлы мереке күні аудан тұрғындарына бейбіт өмір, бақ-береке, шаттық пен ынтымақ тілейміз. Әрбір шаңырақта жылылық пен тыныштық, өзара түсіністік пен сенім болсын! Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймыз!